Популярные тэги

Microsoft-ты мойындатқан қазақ: жас физик әлемдегі ең дәл лазерлік қондырғыны қалай жасады

Жеңісбек Тағай – кванттық физиканы індете зерттеп жүрген қазақтың жас ғалымы. Көкшетау мектебінен басталған ғылымға деген қызығушылығы оны әлемнің ең озық зертханаларынан бір-ақ шығарды.


26/01/2026
19:51 407 0

Өз күшімен АҚШ-тың Джонс Хопкинс университіне түсіп, ғылым докторы(PhD) дәрежеcін алып шыққан Жеңісбек бүгінде сол білім ордасында жұмыс істейді. Ол жасаған лазерлік қондырғы дәлдігі жөнінен озық деп танылып, Microsoft өкілдерінің назарына іліккен. Осылайша қазақ ғалымы ойлап тапқан технология жаңа типті Majorana 1 кванттық чипін әзірлеу барысында қолданыс тапты.

 

Masa media тілшісіне берген сұхбатында Жеңісбек Тағай әлемнің белді университеттеріне қалай оқуға түсуге болатынын, жас отбасы үшін АҚШ-та өмір сүрудің қиындықтарын және неліктен елге қайтуды жоспарламайтынын айтып берді.

 

ҒЫЛЫМҒА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

 

– Жеңісбек, бойыңыздағы физикаға деген қызығушылық қашан оянды?

 

Мен Көкшетау Білім-инновация лицейінің түлегімін. 7-сыныпта лицейге түскен кезде оқушылар ықыласы ауған пәнді таңдап, сол бағытта олимпиадаларға қатыса бастайды. Оқушылардың олимпиадаға қатысуы лицей әкімшілігі тарапынан әрдайым қолдау тауып, ынталандырылатын. Мен физикаға қызығып, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдегер атандым. Ғылымға ықылас сол кезде оянды-ау деймін.

 

Ғылымға түбегейлі ден қою туралы шешіміңіздің бастауында кімдер тұр?

 

Үш адамды атап өткім келеді. Біріншісі лицейдегі Тұрарбекұлы Ануарбек ағайым. Физика пәнінен потенциалымды көріп, оны дамытуға көп күш салған адам. Дисциплина, еңбекқорлық деген қасиеттерді бойыма сіңіріп, үлкен жетістіктерге жетуіме тікелей себепші болды. Жай ғана білім беріп қана қоймай, бойымда терең адамгершілік қасиеттердің де қалыптасуына ықпал етті.

 

Екінші адам   Назарбаев университетінде (NU) ғылыми жетекшім болған Costas Valagiannopoulos мырза. Бұл кісі физикаға деген қызығушылығымды заманауи зерттеу жұмыстарына қарай бұрған ұстаз. Лекцияда болсын, зерттеу жұмысы кезінде болсын, өзінің ғылымға деген соны көзқарасын дәріптейтін. Ең алғашқы ғылыми мақалам осы кісімен бірге жарияланды. Қателеспесем,  бакалавриат студенті ретінде Американың беделді журналында Costas-пен бірге екі автор ғана болып мақала жариялау NU-дің тарихындағы алғашқы жайт болатын.

 

Үшіншісі PhD жетекшім Peter Armitage. 6 жыл ішінде талай жобада бірге жұмыс істедік. Өз тәжірибесімен молынан бөліскен адам. Заманауи физиканың өзекті мәселелерімен айналысуға мүмкіндік берген кісі.

 

 

АҚШ-ҚА ЖОЛ

 

– Джонс Хопкинс университетіне түсу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жетістік. Бұл жол қалай басталды?

 

– NU-да 2-ші курста оқып жүрген кезде алғаш PhD бағдарламалары туралы ойлана бастадым. Бұл мақсатқа жету үшін қандай қадамдар жасау керегін өзім үшін сол кезден шешіп алдым. Біріншіден, ғылыми зерттеу тәжірибесін жинауым керек болды. NU-дағы профессорлардың лабораторияларында жұмыс істедім, шетелдегі ғылыми тағылымдамаларға тапсырып, ол жақтан да тәжірибе жинадым. Екіншіден, PhD үшін қажетті тестерді тапсыру керек болды. Сабақтан тыс уақытымды осыған жұмсау нәтижесінде 4-курсқа дейін керекті тесттердің барлығын тапсырып үлгердім. Үшіншіден, университеттегі GPA-ңыз жоғары болу керек. Бұл ең маңызды талап болмаса да, оған немқұрайлы қарауға болмайды. Осы үш жақты әрекетті уақытылы және тиянақты істейтін болсаңыз, Johns Hopkins түгілі Harvard-қа да түсе аласыз.

 

  PhD докторантура кезінде ең ауыр әрі шешуші сәттер қандай болды?

 

  PhD бағдарламасының ерекшелігі –  оның мақсаты ұзақ мерзімді болуы. Сіздің PhD-ыңыздың сәтті болуы немесе болмауы 5-6 жыл бойы күнделікті істеген жұмысыңызға байланысты. Бір күні жолың болып, өзіңді Эйнштейн санайсың, екінші күні өзіңнен ақымақ адам жоқ-ау деп ойлайсың. Зерттеп жүрген сұрағыңның жауабын ешкім білмейді. Осындай күнделікті құбылуларға бой бермей, ештеңеге қарамастан тек алға жүру, өзіңді ынталандыру – PhD-дің ең қиын тұсы осы шығар. 

 

CERN-ДЕГІ ТӘЖІРИБЕ

 

– CERN-де(Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы) тәжірибеден өткен екенсіз. Ондағы ғалымдардың жұмыс істеу тәсіліндегі қандай ерекшеліктер сізді таңғалдырды? Не алдыңыз бұл ұйымнан?

 

– CERN –  бір ғана мемлекеттің зерттеуге күші жетпейтін жоғары энергиялар физикасын Еуропа құрлығы болып бірігіп зерттеу үшін құрылған мекеме. Басқа жерлерден үлкен айырмашылығы – оның ауқымында. Жай лабораторияда тек профессор мен студенттер ғана болса, ол жерде өзінің бөлек өкіметі мен иерархиясы бар. CERN әкімшілігіндегі ғалымдар зерттеу бағдарын анықтайды, ал мекемедегі зерттеу топтарының әрқайсысы өз қызметін атқарады.

 

 

Бұл ұйымнан үйренгенім – шынымен де қиын мәселелерді осылай бірігіп, үлкен ұйым болып жүйелі түрде ғана шешуге болады.

 

MICROSOFT-ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

 

  Өзіңіз жасаған лазерлік қондырғының физикадағы маңызы қандай?

 

Менің лазерлік қондырғым терагерц диапазонында жарықтың полярозациясын ең жоғары дәлдікпен өлшейді. Жалпы физикада талай қызық оптикалық эффектілер бар. Мысалы, жарық өте жұқа алюминий фольгасынан өте алмайды, бірақ қалың айнадан оп-оңай өтеді. Мұның бәрі заттың электрондық құрылысына, жарықпен қарым-қатынасына байланысты. Кейбір қарым-қатынастар өте әлсіз болып келеді, сондықтан оларды өлшей алу үшін қолданатын құрылғының дәлдігі өте жоғары болу керек. Бұл эффектілерді зерттеу арқылы болашақта қоғамға пайдалы технологиялар шығаруға болады.

 

 

  Microsoft компаниясына бұл технологияны өзіңіз ұсындыңыз ба?

 

– Жоқ, өзім ұсынған жоқпын. Мен жасаған қондырғы кванттық чиптерде қолданылатын материалдардың белгілі бір маңызды қасиеттерін өте жоғары дәлдікпен өлшеуге мүмкіндік береді. Олар менің жұмысым туралы және қондырғымның жоғары дәлдігі (resolution) туралы білгеннен кейін, алдымен өздерінің бірнеше үлгілерін өлшеп беруді және  эксперименттердің қалай жүргізілетінін көрсетуді сұрады.

 

 

Осы алғашқы нәтижелерден кейін Microsoft өз алаңында осындай қондырғыны қалай құруға болатыны жөнінде кеңес беруді өтінді. Жұмысымның мүмкіндіктерін көріп, олардың нақты инженерлік міндеттеріне тікелей қажет екенін түсінгеннен кейін ынтымақтастығымыз басталды.

 

 

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

 

– Қазір қай бағытта зерттеу жүргізіп жатырсыз?

 

Қазіргі таңда кванттық материалдардың оптикалық қасиеттерін зерттеп жүрмін. Нақтырақ айтқанда, жарық пен заттың өте әлсіз, бірақ іргелі деңгейдегі өзара әсерлесулерін жоғары дәлдікпен өлшеу әдістерін дамытумен айналысамын. Мұндай эффектілерді түсіну жаңа физикалық құбылыстарды ашуға ғана емес, болашақта қоғамға пайдалы болатын жаңа технологиялардың негізін қалауға мүмкіндік береді.

 

– Алдағы 10-15 жылда жеке ғылыми миссияңызды қалай сипаттар едіңіз?

 

Ғылым өте тез дамып жатқандықтан, алдағы 10-15 жылға нақты жоспарды дәл қазір кесіп айту қиын. Дегенмен, өзім үшін екі негізгі бағытты қарастырып отырмын. Біріншісі академия мен зерттеу жұмысында қалып, кванттық материалдар мен олардың оптикалық қасиеттерін зерттеуді әрі қарай тереңдету. Екіншісі   осы салаға жақын индустриядағы R&D бағытында, яғни ғылыми білімді нақты технологиялық шешімдерге айналдыратын қолданбалы жобалармен айналысу.

 

– Бүгінгі таңда кванттық физиканың шешілмеген ең негізгі мәселелері қандай?

 

Бұл тақырыпқа қатысты мыңдаған мақала бар. Осындай мәселелердің біреуін атап кететін болсам бөлме температурасындағы супер-өткізгіштер. Бұл материалдардың электрлік кедергісі нөлге тең болғандықтан, энергетика, электроника салаларында талай қолданысы болуы мүмкін. Алайда қазірге тек аса төмен температураларда ғана жұмыс істейді. Әлемнің түкпір-түкпірінде ғалымдар осы мәселені шешуге тырысып жүр. 

 

ЕЛГЕ ОРАЛУ

 

– Қазақстандағы әріптестеріңіздің аяқ алысы туралы не айтар едіңіз?

 

 Мен жұмыс істейтін сала материалдық база жағынан қыруар қаражат талап етеді. Сондықтан әзірге Қазақстанда бұл бағытта зерттеулермен айналысатын ғалымдар жоқтың қасы.

 

– Елге оралу жоспарларыңызда бар ма? Мемлекет тарапынан осындай жағдай жасалса, осындай қызметке шақырса, барар едім дейтін қалауыңыз бар ма?

 

Мемлекетіміз жас болғандықтан, көбінесе қолданбалы ғылым бағытында дамып келе жатыр. Мен айналысатын фундаменталдық ғылымдар басымдықта емес, оған әлі тым ерте. Өте күрделі ғылым инфраструктурасын талап етеді. Оны мен сияқты жас ғалымдар емес, ғылым жағынан да, менеджмент жағынан да тәжірибесі мол адамдар орындай алады. Сондықтан әзірге Қазақстанға қайту жоспарымда жоқ. Алайда болашақта ғылымдағы ахуал өзгеріп жатса, елге қайтуға қашан да дайынмын.

 

АМЕРИКА ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТЫНЫСЫ

 

– Диплом қорғағаннан кейін Хопкинс университетінде әрі қарай да жұмыс істеуіңізге келіншегіңіздің оқуы ықпал еткен екен. Ол ғылымның қай саласында еңбектеніп жүр?

 

Жұбайым химия саласында PhD дәрежесін алуға ниетті. Органикалық синтезбен айналысады. Келіншегім туралы мәліметті үш-төрт сөйлемге сыйғызу қиын, жетістіктері менікінен еш кем емес. PhD-ды менен бірнеше жыл кеш бастады, сондықтан өзімнің лабораториямда post-doc болып жұмыс істеуді жөн көрдім.

 

– АҚШ-та қазақтың жастарымен, қазақ қауымдастығымен жиі кездесіп тұрасыздар ма? Ұлттық дәстүрлерден жырақтап қалмадыңыздар ма?

 

Әрине, өз штатымыздағы қазақтармен тығыз қарым-қатынастамыз. Елден жырақта болғандықтан, «әр қазағым жалғызым» деп бір-бірімізден хабар алып, керек кезде қолдап жүреміз. Наурыз, Айт мейрамдары, осында туған бүлдіршіндердің қырқынан шығуы, тұсаукесері секілді мерекелерді қалт жібермеуге тырысамыз. 

 

 

Оған қоса, 3 жыл бұрын солтүстік Америкада қазақ PhD-лардың басын қосатын KAPNA (Kazakh Association of PhDs in North America) қауымдастығын құрғанбыз. Мен сол қауымдастықтың негізін қалаушылардың бірімін. Қазір 200 шақты мүшеміз бар. Біздің PhD-лардың кәсіби дамуы және networking үшін виртуалды семинарлар, лекциялар өткіземіз. Оған қоса, жылына 1–2 рет табиғат аясында ретрит өткізіп тұрамыз.

 

– Қазақ отбасы үшін АҚШ-та өмір сүрудің қандай қиындықтары бар? Жас жанұя ретінде елден жырақта болудың қандай артықшылықтарын атар едіңіз?

 

 

Ең қиыны көмек сұрай алатын ата-анаңның, туыстарыңның қасында болмауы. Жалға пәтер алу, көлік алу, салық формаларын тапсыру, медсақтандыруға сай дәрігерге бару, бала босану, баланы балабақша/мектепке беру осы процестің бәрі қалай жүзеге асатынын түсінуің керек және «көке-жәкесіз» істеуің керек. Әсіресе, жас отбасы ретінде балалы болсаң, жаныңда қалай ата-ана болу керегін үйрететін ешкімнің болмауы қиын. Бірақ бұл қиындықтың бәрі бізді ширатты. Жауапкершіліктің бәрі өз мойныңа түсетіндіктен тез есейесің.

 

Поделиться

Нет комментариев.

26/01/2026 19:51
407 0

Уведомление